Новости

Егін шаруашылығының ертеңі.

Категория: Новости
Дата: 07.09.2017
Просмотры: 80 Печать страницы

                                  Егін шаруашылығының ертеңі.

Күні кеше Алматы облысының Қарасай ауданы аумағында орналасқан Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасымен және «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» акционерлік қоғамының ұжымымен бірлесе отырып, «Егінжай күні» деп аталатын семинар-кеңес өткізді. «Қазақстанның оңтүстік шығысында егістік дақылдардың жаңа сорттары мен оларды өсірудің инновациялық технологиялары» тақырыбында өткен бұл алқалы басқосуға Алматы және Жамбыл облысы ауылшаруашылық басқармасының басшылары, аудандардағы сала мамандары және шаруа қожалықтарының жетекшілері шақылырған болатын.

Машина жасау саласы Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында басым салалардың бірі ретінде белгіленді.

Шараны ұйымдастырушылар алдымен келген қонақтарды арнайы әзірленген автобустарға отырғызып, ғылыми-зерттеу институтының егіс алқаптарын аралатқан. Институттың бас директры Серік Барменбекұлы Кененбаев өзі бас болып, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Ал, 62 жылдық еңбек өтілінің 50 жылын бидайдың жаңа сорттарын шығарып, оларды жергілікті жағдайға бейімдеумен айналысып келе жатқан ғалым, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, академик Рахым Оразалиев өзіне қарасты бөлімнің алқаптарында өсіп тұрған бидайдың төзімді әрі мол өнім беретін сұрыптары жайында қызықты баяндады.

– Жер бетінде шикізаттың бәрі де күндердің-күнінде сарқылуы мүмкін, – дейді Рахым Алмабекұлы шабыттана сөйлеп. – Қаншама мол болғанымен мұнайдың қоры да бір кезеңдерде таусылады. Жер-Ананың адамдарға берген ырыздығының ішінде бидай ғана мәңгілік қажеттілік болып қалады. «Өзін азық-түлікпен қамтамасыз ете алмаған мемлекеттің жеке бостандығы болмайды» – деген тәмсіл де дәлелдеуді қажет етпейді. Сондықтан, біз жоғары технологиялы өндіріс қатарын көбейте отырып, егін шаруашылығын дамытуды да естен шығармауымыз өте маңызды!

Ғалым өз жұмысында жердің өз құнары мен табиғи тыңайтқыштарды пайдалануды бірінші кезекке қояды. «Әлемнің дамыған елдері химиялық тыңайтқыштардан бас тартуда. Оларда мемлекет тарапынан берілетін субсидия негізінен осы салаға бағытталған. Бұл Қазақстан үшін де өзектілігін жоғалтқан емес», – дейді ол. Бүгінге дейін институт ғалымдары дәнді дақылдардың 116 жаңа сұрыбын шығарып, өндіріске енгізген екен. Олардың 85 сорты тек қана бидайға қатысты. Даламыз кең, егіс алқаптары есепсіз болғанымен Қазақстан жері қауіпті егіншілік аймағы болып саналады. Себебі, бізде суармалы егістік көлемі есептеулі, көктен түсетін ылғал да әр жылдары әрқалай болып келеді. Сондықтан тәлімі жерге егілетін бидайдың қуаңшылыққа төзімді әрі бол өнім беретін түрін шығару бірінші кезектегі мәселе болып қала бермек.

Осы орайда, институт алқаптарында шығарылған бидайдың жаңа сұрыптары ылғал аз болған жылдардың өзінде әр гектардан 18-22 центнер өнім беруге қабілетті екен. Бұл өндіріс рентабельділігін қамтамасыз етуге жеткілікті көрсеткіш. Ал, ылғал қалыпты болған жағдайда 40 центнер орташа түсім алынса, қар қалың түсіп, жаңбыр мол жауған жылдары 55-60 центнер өнім алуға кепілдік бар. Мысалы, жауын-шашын мол болған биылғы жылы бидайдың кейбір сұрыптарынан 60-65 центнерден астық жиналады деп күтілуде.

Институт жұмысының пәрменділігі – мұнда шығарылған бидайдың 80-нен астам жаңа сұрыптары әлемнің 11 мемлекетінде өсіріліп келе жатқанынан-ақ аңғарылады. Және, жылдан-жылға қызығушылық танытқан елдердің қатары артып келеді екен. Ал өзімізде, өзге облыстарды айтпағанда Жетісу жерінде 26 жаңа сұрып кеңінен пайдаланылуда. Соның ішінде «Қарасай», «Стекловидная – 24», «Богарная» деген сұрыптардың сапасы жоғары, макарон өндірісінде пайдалануға өте қолайлы болып табылады. Айтса айтқандай, бітік әрі биік болып бой көтерген бидай алқабы қараған адамның көзін тойғызып, көңілін өсіретіндей. Әр шалғайдан келген қонақтар әр сұрып жайлы мәліметтер алып, оны өсірудің жай-жапсарын біліп жатты. Біздің де кеудемізде отандық ғалымдардың жетістіктері көп ұзамай алқаптарда көрініс табады деген сенім қылаң бергені рас.

Осыдан кейін семинарға қатысушылар дәнді бұршақ дақылдары өсірілетін алқапқа ат басын тіреген. Жалпы, егіншілікке қатысты барлық бағытта жұмыс жүргізетін еліміздегі бірегей ғылыми-зерттеу институтының қамтитын саласы кең екеніне осы жолы көзіміз жете түскен. Бұл жерде бидайдың, тарының, арпаның, сұлының, жүгері мен қызылшаның аудандастырылған сұрыптарын шығарумен қатар, дәнді-бұршақ дақылдарының сапалы әрі төзімді түрлерін зерттеу жолға қойылған. Бөлек-бөлек телімдерде өсіп тұрған софлор, соя, ноқат, жұмық, майбұршақ, қарақұмық сияқты өнімдер кімді де болса қызықтырарлықтай. Мұндағы жүгері алқабындағы мойындарын көкке сөзған дала аруының, Жетісу жерінде ежелден өсірілетін қант қызылшасының жаңа сұрыптары жермен жұмыс жасайтын шаруажай жұртшылықтың мүдделілігін туғызуға тиісті.

Әлемдік ғылыми қауымдастықтың бір жетістігі ретінде бағаланатын – «Третикале» өнімі – ХХІ ғасырдың дақылы атағына ие болған. Бидай мен қара бидайды будандастыру арқылы алынған бұл дақыл негізінен мал азығы ретінде және диеталық тағам дайындауда пайдаланылады екен. Бір гектар алқаптан 100 центнерге дейін өнім беретін Третикале бұдан әлдеқайда аз шығым беретін арпаның орнын алмастыруы әбден мүмкін. Институтта оның 10-ға тарта сұрыбы өсірілуде. Осы және өзге де алқаптарда жайқала өскен дақылдарды институт қызметкерлері – Мұхтар Құдайбергенов, Ғалиолла Мейірман, Айман Омаровалар жан-жақты таныстырып, қонақтардың сауалдарына жауап берді.

Семинар-кеңестің пленарлық отырысында сөз алған Алматы облысы ауылшаруашылық басқармасының басшысы Сексенбай Бекішев алқалы жиынға келгендерге қонақжай ықыласын білдіріп, ауыл шаруашылығы дақылдарының бірегей, элиталы және репродукциялы тұқымын өндірудің өзекті мәселелері туралы өз ойларын ортаға салған. Жиында сол сияқты ҚазЕжӨШҒЗИ – ның бас ғылыми қызметкері, академик Рақым Оразалиев «Дәнді дақылдардың жаңа сорттарын өндіріске енгізу» тақырыбында, институттың дәнді-бұршақ дақылдары бөлімінің меңгерушісі Мұхтар Құдайбергенов «Қазақстанда майбұршақ тұқымын өндірудің өндірістік болашағы» турасында баяндамасын жұртшылық назарына ұсынды.

Күн тәртібіне енгізілген «Республикалық тұқым өндіруші шаруашылықтардың ассоциациясы» құрылтай шартының жобасымен институт директорының орынбасары Шынболат Рсалиев таныстырып, жиналған қауымның ұсыныс ескертпелерін ескере келіп, аталған бірлестікті құру жайында меморандум қабылданды. Еліміздің әр шалғайынан келген мамандар мен шаруа қожалықтарының басшылары өздерін толғантқан мәселелерге қатысты сұрақтарын қойып, тұщымды жауап та алып үлгерген. Бір сөзбен айтқанда, бұл басқосудың еліміздің ауыл шаруашылығын, соның ішінде егіншілікті дамытуға қосар үлесі қомақты болады деген сеніммен тарқастық.

Антикоррупционная политика

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2017. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.