Модернизация сознания

Жетісуда тіршілік қайнап тұр

Категория: Модернизация сознания
Дата: 11.11.2017
Просмотры: 578 Печать страницы

Қазақстан -2050. «Ауыл-рухани  жаңғырудың  қайнар бұлағы» атты «Нұр Отан» партиясы, ҚР  ауыл шаруашылығы министрлігі, Еңбек  және  әлеуметтік қорғау министрлігі , ҚР Ақпарат және коммуникациялар  министрлігі, халықаралық «Қазақстан-Zaman» газеті және «ЕлАна» қоғамдық-әлеуметтік-танымдық сайты, «Қазақ радиосының» бірлескен экспедициясы  Елбасымыздың «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» бағдарламасымен  Алматы облысының Панфилов, Ұйғыр және Райымбек аудандарын аралап қайтты.
Жазиралы Жаркент  жетістіктері
Тоқсан жылға жуық тарихы бар Панфилов ауданы  Жетісу өңірінің  экономикалық даму тұрғысындағы ең  ірі аудандарының бірі.  Халқының саны 127 мыңға жуықтап, 41 ұлттың өкілдері мекендеген жазиралы Жаркент өңірі өзінің береке-бірлігімен, ынтымақ-тірлігімен  жұртшылыққа белгілі.  Ауданның табиғи ландшафты бай және әр алуан. Суармалы жер қорының көп жерінде дәнді , техникалық және көкөніс дақылдары өсіріледі. Ауа райы мен жердің жағдайы бақ, бау-бақша және жүзімдік өсіруге қолайлы.
Биылғы жылдың өткен мерзімінде  аудан бойынша өлеуметтік-экономикалық дамудың барлық бағыттары бойынша оңды серпіндер сақталған.  Ауылшаруашылығы  өнімінің жалпы көлемі 22,5 млрд. теңге  болып, дақылдардың егістік көлемі 481 гектарға ұлғайып, 43,3 мың гектарға жетті.  Мал мен құстың да саны көбейген.  1126 жеке шаруашылық қожалықтары тартылған 6  ірі кооператив құрылып, онда 234 жаңа жұмыс орындары ашылған.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 10,0 млрд. теңгеге жеткен. «Exim Base» ЖШС-нің жүгері дәнін кептіретін және сақтайтын зауаты іске қосылды. Инвестиция көлемі 592 млн. теңгеге жетіп, 50 жаңа жұмыс орны құрылған. «Макс-Дорстройсервис- 21» ЖШС-нің асфальт зауаты ашылған , тартылған инвестиция көлемі  250 млн. теңге.  Жыл соңына шейін  жоба құны 975,0 млн. теңге  тұратын, 50 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ететін, «Заря ЛТД» жүгері дәнін қабылдап, тазалайтын, кептіретін және сақтайтын элеватор ашылмақшы.
Ауданда 9 мың бірлік  субьектілері  шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысады.  Оларда жұмыс істейтіндерінің саны 23 мыңнан асады. Шағын кәсіпкерлік субьектілерінен бюджетке 1,5 млрд. теңге түскен.  «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 2 жоба 17,0 млн. теңге қолдау алды.  Өткен мерзім ішінде ауданға 44,4 млрд. теңге инвестиция  тартылған.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жеке тұрғын үйлер құрылысы үшін Жаркент қаласынан инженерлік-коммуникациялық жүйесін жасауға    966,6 млн. теңге, Қорғас ауылынан -1,3 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Пенжім ауылында 60 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысын салуды аяқтауға 43 млн. теңге, Жаркент қаласынан 40 жалгерлік тұрғын үйдің құрылысын салуға 170 млн. теңге бөлінген.
Рухани жаңғыру-басты мақсат
Ауданға келген экспедиция мүшелерін  аудан әкімінің орынбасары Роза Мағрупова мен  «Нұр Отан» партиясының аумақтық партия филиалының төрағасының  бірінші орынбасары  Қанат  Досмаилов қарсы алып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды.  Елбасының «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру бойынша  аудан әкімдігінің  қаулысымен құрамында 14 адам бар  комиссия құрылған.  Бүл қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі комиссия өз жұмысын алты бағытта   жүргізуді жоспарлап жұмысшы топтарын құрған.
Бірінші бағыт-қазақ тілі алфавитін латын әліпбиіне  кезең-кезеңмен көшуі.  Ауданның әр ауылдық округінде  аталған тақырыпты талқылап, ой пікір алмасу мақсатында округ тұрғындарымен 27 дөңгелек үстелдер ұйымдастырылған.  «Әліпби-ұлттық сананың құралы» атты жастар арасында дебат өткізіліп, түсінік жұмыстары кеңінен жүргізілуде.  Мысалы, Жаркент қаласында А.Луначарский атындағы орта мектепте «Бар қазақтың басын қосатын жазу» атты кездесу өткізіліп, көрмелер  ұйымдастырылған.
Екінші бағыт-«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша  ауданның мектеп ұстаздары бүгінде қолданыста жүрген оқулықтар жайлы талқылау жүргізіп келеді. Алдағы уақытта семинар, кездесулер, пікір-сайыстар өткізу де жоспарланып отыр.
Үшінші бағыт-«Туған жер» жобасы  аясында өткізіліп жатқан «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша ауданда 10 жоба жүзеге асырылуда. Бірінші Орбұлақ бойындағы шайқастың Ұлы Жеңісіне 375 жыл толуы қарсаңында ұлтжанды  азамат Бекет Тұрғараұлының 10 млн. теңге қаражатына ескерткіш қойылды. Екінші Жаркент қаласының Шардинов атындағы көшенінің  27 млн. теңгеге 1,8 шақырым жолы   жасалынды.  Үшінші Қоңырөлең ауылдық округінің бас маманы Алимов Нұрланның бастамасымен және жалпы ауыл тұрғындары демеушілігімен Қоңырөлең  ауылында салынып жатқан «Арай» спорт алаңының бүгінгі күні 90 пайыз құрылыс жұмысы аяқталған.  Осындай жұмыстар аудан бойынша   жан-жақты жүргізіліп жатыр. Мысалы Алтыүй ауылдық округіндегі Ә.Қастеев атындағы орта мектептің ұстазы Валиева Хуршидамның демеушілігімен салынған «Саяхат» балабақшасы, Ақкент ауылындағы 150 орынды Ақкент ауылдық мешітін жеке кәсіпкер М.Зубаров 50 млн. теңгеге салып, ел игілігіне берген.  Қазіргі кезде халықтың туған жерге деген ниеті мен пейілі өзгеріп, осындай игілікті істердің жүзеге асырылып жатқанынан көрдік.
Киелі жерлер  географиясы
-Төртінші бағыт «Киелі жерлердің географиясы» жобасын  жүзеге асыру мақсатында ауданның қасиетті  жерлері: «Орбұлақ шайқасы», «Әулиеағаш» киелі орындары, «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейі және Қоңырөлең ауылдық округіндегі Ынталы  ауылының  солтүстік батысындағы Найзатапқан арасаны   облыстық комиссияға ұсынылды,-дейді аудан әкімінің орынбасары Роза Азаматқызы өзінің әңгімесінде,- Биылғы жылғы киелі мекендерді тіркеу комиссиясында біздің ұсынысымыз қабылданды.  Республикалық киелі жерлер картасына  екі киелі жер  «Жаркент мешіті» мен «Әулиеағаш»  киелі орны енгізілетін болды.  Мұндай киелі орындар жастарға тәлім-тәрбие беруге,  туған Отанды, туған жерді сүюге ықпал ететіні сөзсіз.      
Бесінші бағыт «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы.  Ауданның барлық мәдениет ошақтарында  «Ауылым-алтын бесігім» атты ауылдық мәдениет үйлері арасында өткізілген облыстық байқауға Көктал, Қоңырөлең ауылдық Мәдениет үйлері қатысып, өнерлерін көрсетті. Халық шығармашылығын дамыту мақсатында  ауданның елді мекендерінде әртүрлі үйірмелер, халықтық ұжымдар жұмыс істеп келеді. «Туған жер» бағдарламасы аясында  халық әндерін насихаттау халықтық ұжымдардың дамуы жас таланттарды жарыққа шығару мақсатында  «Алтын бесік туған жер» атты фестиваль байқауы ұйымдастырылды.
Тағы бір үлкен бағыт «Қазақстандағы 100 жаңа есімі» жобасы бойынша өңірден  шыққан өнегелі өмір иелерінің тізімі жасалып,  облысқа 18 адамның тізімі ұсынылған. Облыстық жобалық тізіміне «Болшаққа бағдар; рухани жаңғыру», «Туған жер» бағдарламасының аясында «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша 3 жоба, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша 6 жоба, «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша 5 жоба, «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасы бойынша 6 жоба ұсынылған.   Жоғары да аталған алты бағыттағы жобалар жөнінде жергілікті тұрғындар арасында  кеңінен  ақпараттық түсінік жұмыстары жүргізілуде.
Жылы шырайлы кездесулер
Экспедиция мұшелерінің алғашқы кездесуі  Жаркент қаласындағы 88 жылдық тарихы бар педагогикалық колледждің  білім алушыларымен  өтті.  Осы оқу орнының  өте тәжірибелі  басшысы Сара Нұрғалыққызы Темірбаева колледжде арнайы безендірілген  «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» атты бөлмені таныстырып, оқу орнында өткізіліп жатқан барлық іс-шара туралы   қысқаша ақпарат берді. Бұл оқу орнында қазіргі кезде 1228 білімгерлер дәріс алуда.  Аудан ғана емес облыстың түкпір-түкпірінен келіп білім алып жатқан студенттерге барлық жағдай жасалған.  Бұл колледжге түсіп оқыған  жастар бала бақша тәрбиешісі, бастауыш сыныптың мұғалімі, қазақ тілі –әдебиет мұғалімі, аударма ісі, ақпараттық жүйе, музыкалық білім алу сияқты  мамандықтар алып шығады.
Оқу орнының кең залында жиналған 150-ге жуық білімгерлерді  «Қазақстан- Zaman» газетімен таныстырып, апталық  басылымда жарияланып жатқан мақалалар жөнінде толық ақпарат бердік.  Еліміздегі   өмірлік мәні зор  Елбасының  рухани жаңғыру мақаласы , Латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшу секілді  маңызды мәселелер жөнінде тартымды  әңгіме қозғалды.  Бұл барыста колледждің білімгерлері де  барлық жаңалықтан хабардар болып шықты. Біз бұған  шын пейілімізбен қуандық. Өйткені еліміздегі барлық аса маңызды шаралардың барлығы осы жастардың болашағы үшін жасалып жатқанын олар бағалай білуге тиіс. Колледж студенттері де құрқол келмепті, бірінен соң бірі тұрып, ақындар  Мүқағали Мақатаевтың, Мұхтар Шахановтың жалынды өлеңдерін бізге оқып берді. Осы бір кездесуге қатысқан «Нұр Отан» партиясының аумақтық партия филиалының төрағасының  бірінші орынбасары  Қанат Нұркешұлы Досмайлов жастарға білім  бұлағымен сусындауда сәттілік тіледі.
Екінші бір үлкен кездесу Көктал ауылдық округінде жалғасты. Көктал ауылдық округі 1926 жылы құрылған. Орталығы-  Көктал ауылы. Округ үш ауылдан тұрады: Көктал, Ақжазық, Аққұдық ауылдары. Аудан орталығынан 16 шақырым жерде орналасқан.  Халық саны қазіргі кезде  14 мыңға жуық адам. Мұнда қазақ, ұйғыр, орыс және басқа ұлт өкілдері тұрады.
Көктал округінде 4 мектеп бар, оларда- 2 127 оқушы оқиды,  259- мұғалім жұмыс істейді. Округте 1- учаскелік аурухана және 1  - жүйке тамырларын емдейтін аурухана. 2 - ФАП тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді.
Округте 325 шаруа қожалығы, жүгері зауыты, 3- ЖШС,  1- жол жөндеу  мекемесі, 1- диірмен, 1- сүтті қайта өңдеу цехы, 2- автокөлік доңғалағын жөндеу орны, 3- жанар- жағармай стансасы, 7- қоғамдық тамақтандыру орындары жұмыс істейді. 1-құс бордақылау цехы, 2- наубайхана, 1 – жүгері зауыты, мал соятын орын бар. Қазіргі кезде округте  тұратын  отбасыларының әлеуметтік жағдайы  жаман емес. Соңғы кезде көмірдің әр бір тоннасы 21 мың теңге төңірігінде болып, тұрғындарды абыржытып тастап еді.  Біз  іссапардан қайтқан кезде отынның бағасы  бір шама төмендепті.   Бұл жөнінде  Көктал ауылдық округінің әкімі Бақыт  Нұрелов  хабарласқан кезде айтты.  Ауыл жұрты  Елбасының; «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» мақаласында қойылған талаптармен толық хабардар.
Біз кездесу өткізген Абай атындағы орта мектептің   кең залында біраз ауыл адамдары мен мұғалімдер жиналыпты.   « Ауыл рухани  жаңғырудың  қайнар бұлағы» атты экспедицияның мақсаты туралы жиналған көпшілік алдында   толық баяндап,  біраз пікір алысулар болды.   Осы мектептің  директоры Гүлнар Зейнеғабылқызы Қойжаярова , ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері,  бүкіл саналы өмірін білім     саласында өткізген тәжірибелі  басшы. Бұл мектепте қазіргі кезде  987 оқушы білім алып, 87 мұғалім  дәріс  беруде. Бүгінгі күннің жаңа талабын жете түсінген  ұстаздар қауымы да рухани жаңғыру бағытында  өздерінің күш-жігерлерін  жұмсауға дайын екендіктерін білдірді.
Партиялық бақылау күшейтілген
- Бұл жай ғана сөз емес, шын мәнісінде  «Нұр Отан» партиясы Панфилов аудандық филиалы  барлық атқарылып жатқан шаруалардың басы-қасында.   Қазіргі кезде  партия мүшелерінің саны 8647 адамды құрайды.  Жеті партиялық жобалар бойынша  барлығы осы уақытқа шейін 150-ден астам шаралар өткізілген.  Оның ішінде  «Кедергісіз келешек», «Ұлы дала қазынасы»,  «Жастар-Отанға» және тағы басқа жобалар бар,-дейді экспедициямен бірге жүрген  «Нұр Отан» партиясының аумақтық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Досмаилов
Елбасының «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» мақаласында қойылған мақсат, міндеттерді орындауға алғашқылардың бірі болып  қолға алған партия мүшелері 85 іс-шара ұйымдастырған.  «Нұрлы жол» мемлекеттік  бағдарламасының жүзеге асырылуы  және бөлінген қаражаттың  тиімді жұмсалуы бойынша  4 нысанға бақылау жұмыстары  жүргізілген.  Оның ішінде  Пенжім ауылы су жүйелерін қайта жаңғырту мен құрылысы, Алмалы ауылы су жүйелерін қайта жаңғырту және тағы басқа  обьектілер бар.
Біз іссапармен  барған кезде  Көктал ауылдық округінің тұрғындары мүгедек жандар ерлі-зайыпты  Шындаулет Мизатбеков пен Мейрамгүл Тоқтарбаеваның үйіне 120 метр қашықтықтан құбыр тартқызып, ауызсу  кіргізіп беру жұмыстарының атқарылып жатқанын көрдік. Бұл да  «Нұр Отан» партиясы  бастамасымен атқарылып жатқан  игілікті шараның бірі   болып шықты.
Береке , бірлігін сақтаған  ауыл
Біз арнайы барып тірлігімен танысқан  Ұйғыр ауданының  Шарын ауылының  тұрғындары  бір шаңырақ астында достық пен өзара сенім, ынтымақ пен бірлікте ғұмыр кешуде. Шарын ауылын 6 мыңнан астам  адам мекендейді,  оның ішінде қазақ, ұйғыр, орыс, өзбек, және тағы басқа ұлт өкілдері тату-тәтті  өзара сыйласымды қарым-қатынас орнатқан.
- Шарын ауылының халқы еңбекқор. Біздің  тұрғындар  мал шаруашылығы, егін шаруашылығымен  айналысады.  Биылғы жылы  жүгері егіп, мол  өнім алды. Қысқа дайындық жасаған   ауылдастар  малдың жемшөбіне шейін дайындап үлгерді,-дейді  Шарын ауылдық округінің әкімі  Болат Әлғазиев,- Мемлекет  тарапынан  да көп көмек көрсетіліп жатыр.  Биылғы жылы  жер асты сулары көтерілуінен  тұрғындардың тұрғын үй, қора жайлары зақымдалды. Осы  жағдай бойынша шешімі табылып құжаттар рәсімделіп  облысқа жіберілді. Облыстық төтенше жағдай департаментінен 45 млн теңге Шарын ауылының жер асты суларын кетіру үшін қаржылай ақша бөлінді. Аталған қаражат аудан әкімдігінің бақылауымен  игерілді. Жер асты суды кетіру үшін ЖШС «АгроМелиоСтрой» компаниясы жұмыс атқарды.  Қазіргі кезде  Шарын ауылында жер асты сулары таралып кетті. 
Бұл ауылдық округте  шағын және орта кәсіпкерлік  жақсы дамыған. Шарын  ауылында  3 кафе,  2 дәріхана, 21 дүкен, 2 дүңгіршіктер, 4 жем тартатын цех, 4 ет сататын дүкен халыққа сапалы қызмет көрсетуде.     Биылғы жылдың өзінде  64 жаңа жұмыс орын ашылған. Жеке кәсіпкер Амруллаев Сухраб 400 орындық кафенің құрылысын  аяқтап, іске қосты .  Амруллаев Эрнест  100 орындық кафе ашып онда  5 адам жұмыс істеуде. Жеке кәсіпкер Мамташуров Радик мал бордақылайтын орын ашып онда 5 адам жұмыспен қамтылған.
Округ  бойынша  қазіргі кезде   515  жеке  шаруа  қожалығы, 4  ЖШС   егін егіп, мал өсірумен айналысады.. Олар  биылғы   жылы    364  гектар   арпа  сеуіп , әр бір гектарынан    19 центнерден  айналып,  барлығы  690 тонна өнім алған.    Егілген     4430  гектар жүгерінің    әр  1  гектарынан   69 центнерден   өнім  жиналуда. Әрине осындай жетістіктер ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етуде.
Экспедиция  мүшелері  ауыл тұрғындарымен  М.Хамраев  атындағы орта мектепте кездесу өткізді. Онда   Елбасының; « Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» бағдарламасындағы көтерілген мәселелер және  «Қазақ тілі  әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру  туралы» Жарлығын орындау туралы  оңды пікірлер айтылды.  Ауылдық округ бойынша 2 мектеп бар. Олар  «М. Хамраев атындағы орта мектебі мектепке дейінгі шағын орталығымен» мемлекеттік мекемесі және «Шарын орта мектебі мектепке дейінгі шағын орталығымен» мемлекеттік мекемесі.  М.Хамраев орта мектебінде 117 мұғалім қызмет атқарады, 705 оқушы білім алауда. Ал, Шарын орта мектебінде 57 мұғалім қызмет атқарады, 347 оқушы білім алуда.
Мектептерде  білім беру мен тәрбие үрдесіне инновациялық қызметті еңгізу арқылы білім сапасын арттыру, өз ұлтының тарихын, мәдениеті мен тілін қастерлейтін және оны жалпы адамзаттық деңгейдегі рухани құндылықтарға ұштастыра білетін елжанды тұлға тәрбиелеу ісі дұрыс жолға қойылған.
Бахарда  қызу тірлік бар
Біздің келесі кездесуіміз  Бахар ауылдық округінде орналасқан саяси және қоғам қайраткері А.Розыбакиев атындағы  орта мектепте болды.  Кең залға жиналған ауыл тұрғындарымен болған әңгіме  төркіні Елбасының, «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» мақаласы  және қазақ  тілі әліпбиін кириллицадан   латын графикасына көшуі  төңірегінде болды.  Жиналған қауым осындай тарихи құжаттардың талаптарымен толық келісетіндіктерін  тілге тиек етті.  Тек қана жастар ғана емес  жасы ұлғайған ересек адамдар да рухани жаңғыру  арқылы  өз өңірлерінің тарихын жете білуіне жол ашатын  іс-шаралардың  аса қажет екенін түсініп отыр.  Осы А. Розыбакиев атындағы орта мектептің директоры Суджата Мамарозықызы өзінің сөзінде  өткен оқу жылынан бері мектеп оқушылары арасында 30 жазушының  әдеби шығармаларын оқыту ісі қолға алынғанына тоқталып  өтті.
- Бұл  оқушылардың  тарихи шығармаларға деген  қызығушылығын, ой-өрістері мен ойлану  шеңберінің  көкжиегін кеңеюіне, туған өлке тарихын жете білуіне  арналған іс-шара өзінің жақсы нәтижесін көрсетуде,-деді  мектеп директоры . Мұндай   әдебиет пен тарих әлеміне жетелейтін іс-шара  барлық мектептерде қолдау тапса нұр үстіне нұр болар еді.
Бахар ауылдық округіне   Бахар мен Шырын  елді мекендері қарайды.  Онда   3361  тұрғын , 643 отбасы тұрады.      Ауылдық округ аумағында 2 орта білім беру мектебі, 1 -«Нұрлы-Болашақ» балабақша, 2- ФАП жұмыс істейді.Сондай-ақ  округта 4 ЖШС , 138 шаруа қожалық, 11 дүкен,  2 тойхана тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Бұл  елді мекендер тұрғындары  негізінен    егістік және бау-бақшалар   шаруашылығымен айналысады. Биылғы жылы   енбегінің жемісімен жетістікке   жеткен «Алма-Продекс» ЖШС-гі Алматы қаласында өткен  «Алматы фестиваль» көрмесінен жүлделі  орынына  ие болды               
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында, Бахар ауылдық округінде көптеген іс-шаралар өткізілуде.
Оның бірі   «Табиғатты  аялайық»  атты   ауыл тұрғындары арасында көшет отырғызу акциясы .   «Туған жерге туыңды тік»,-   деген  талабы тұрғысында   ауылдың   атымтайжомарт азаматтары Айдын Мубакаев пен Шамил  Жамиев  Шырын ауылындағы бұрынғы саябақтың  бос жатқан жерін  өз қаражаттарымен, темір  қоршаумен қоршап, ішіне 1000 түптен аса, әр түрлі ағаштар отырғызып берген.
Округте   іс-шаралар жоспарлы түрде өткізілуде.  Мысалы,  «Тілдер айлығы» аясында «Тілге тағзым-елге тағзым» атты тақырыбында дөңгелек үстел, «Отбасы- мәңгілік елдің тірегі» атты тақырыпта ауылдағы жас отбасылармен кездесу  ұйымдастырылған.  Саяси және қоғам қайраткері А.Розыбакиевтің 120 жыл толуына орай,   орта мектепте  «Артына өшпес-із қалдырған» атты  мерекелік  кеш  өткізілді.  Сонымен қатар, ауданда  өткен «Үлгілі отбасы» байқауына, Шырын ауылының тұрғыны Зеруллаевтар отбасы қатысып,  ІІІ-орынды жеңіп алды . Аудандық   кітапханада өткен «Үздік кітапханашы -2017» байқауына     жас кітапханашысы Ахметқали Мөлдір қатысып, 3 орынды иеленді.
-«Ауыл-рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» деген   дұрыс бағыт..  Біздің округтің  тұрғындары елімізде болып жатқан  барлық жаңалықты тек қана теледидар, ғаламтор  жүзінен көріп қана қоймай, жаздырып алатын басылымдардан оқып біліп отырады. Сөз жоқ бұқаралық –ақпарат құралдары   ұлтымыздың рухани жаңғыруына  өздерінің қомақты үлестерін қосуда,-дейді Бахар ауылдық округінің  әкімі  Кәдіржан Бағбаев .
«Нұр Отан» партиясы қоғамның көшбасшысы
- Жайсаң жер жаннаты Жетісудың  оңтүстік шығысында орналасқан, тарихы мен тағылымы мол киелі Ұйғыр ауданының халқы Елбасының «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» мақаласында  көтерілген  бастамаларды толық қуаттап,   ынтымағы мен бірлігі жарасқан ел болып ауданның дамуына сүбелі үлестерін қосуда,-дейді Нұр Отан» партиясы Ұйғыр аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты  Мәулен  Нұров,- «Нұр Отан» партиясы қашанда азаматтық қоғамның көшбасшысы болуы қажет.
«Нұр Отан» партиясы Ұйғыр аудандық филиалында 20 бастауыш партия  ұйымы мен 383 партия мүшелері бар.Бастауыш партия ұйымдары жүйелі жұмыстар жүргізу нәтижесінде жергілікті жерде туындаған мәселелердің дер кезінде дұрыс шешімін табуда үлкен іскерлік көрсетіп келеді. Аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайы туралы, әр түрлі шешілмеген мәселелер жайлы қоғамдық қабылдауда  қаралып,  айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілуде. Партияның аудандық филиалында бекітілген кестеге сәйкес аудандық прокуратура, ішкі істер бөлімі, мәслихат депутаттары, бөлім басшылары қоғамдық қабылдаулар өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап отырады.
Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына дәстүрлі түрде жолданатын Жолдауын, «Болашаққа бағдар;  рухани жаңғыру» мақаласын, «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығын ел арасында насихаттау, халыққа түсіндіру партияның бірден-бір міндеті. Осы мақсатта ауданда  арнайы іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Райымбектің  «Туған жерге туын тіккен»  азаматтары
Біздің келесі сапарымыз Райымбек баба атымен аталатын ауданда жалғасты.  Райымбек ауданының тарихы  тереңнен  сыр шертеді.   Мұнда  Қарашоқы, Таңбалы тас, Байынқол мен Шалкөденің көнерген кеніштері , Жібек жолы , Құмтекей қаласының орындары бар. Шоқан Уәлихановтың Қашқарияға сапары осы өңір арқылы өткен.  1997 жылы Нарынқол мен Кеген аудандары біріктіріліп Райымбек ауданы болып құрылған.  Қазіргі кезде осы аудандар бұрынғы шекарасымен қайта құрылады деген ақпаратта  шындыққа саяды. Барлық қажетті құжаттары рәсімделіп, жоғарғы орындарға қаралу үшін жіберілген.
Елбасы өзінің   «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» мақаласында ; «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген  сүйіспеншіліктен басталады»-деп атап өткен еді.  осыған орай Райымбек ауданында «Туған жер» бағдарламасы  қолға алынған.
-«Туған жер» бағдарламасы аясында  бүгінгі күні Сарыбастау ауылының тумасы, кәсіпкер Айдос Суанбеков  есімді азамат екі қабатты, құны 150 млн. теңге тұратын, 520 адамға арналған   аудандық ИМАНИ  білім беру орталығы  «Сарыбастау»  мешітін салып, пайдалануға берді,-дейді  Райымбек  аудандық «Ішкі істер бөлімі» мемлекеттік мекеменің басшысы Еркінбек Қалқаев  өзінің әңгімесінде,- Сонымен қатар осы ауылда  құны 25 млн. теңге тұратын  ауыл жастарына арналған  шағын спорт алаңы және балалар ойнайтын алаң , «Атамекен» саябағын салып, тұрғындардың игілігіне ұсынды.  Сауранбаев атындағы орта мектепте  кәсіпкерлер Айдар Мәсімғазиев пен Айдос Суанбековтердің демеушілігімен  құны 3 млн. теңге тұратын «Мәңгілік ел» кабинеті ашылды.
Текес ауылының  кәсіпкерлері Талғат Нүсіпқожаев, Мұрат Малдыбаевтар 100 адамдық Текес ауылдық мешітін, Бөлексаз ауылының  кәсіпкерлері  Азамат Қаратаев, Ұлан Әлдібаевтар 100 орындық  мешіт үйін, Қарабұлақ ауылының  кәсіпкер азаматтары бірігіп 70 орындық  мешіт үйлерін өз қаражаттарына салып берген.
Осы «Туған жер» бағдарламасы  аясында  демеушілердің көмегімен  Жамбыл ауылында жастар спорт алаңы, Шәлкөде, Қарасаз, Ұзынбұлақ ауылдарының кіре берісінде жолаушылар аялдап, демалатын орындар салынған. Сарыжаз ауылында  кәсіпкер Асылан Менесбаев 70 балаға арналған балабақша салып, пайдалануға берген.
Өмірден елім, жерім деп  ерлік  көрсетіп көшкен тұлғаларға құрмет көрсетуде  бүгінгі күні туған елдің  іскер азаматтарының еншісіне бұйырып отыр.  Қазіргі кезде  ауданның Алғабас ауылында  құны 15 млн. теңге тұратын  Керейқұл  батырға  арналған ескерткіш құрылысы аяқталуда.  Тұйық ауылының  азаматы  Еділ Бекмұратов  екі қабатты балабақша құрылысын,  Ұзынбұлақ, Жылысай ауылдарында  балаларға арналған  шағын футбол алаңдары , Жылысай ауылында  Көкпар ұлттық ойыны өткізілетін  спорт  алаңының құрылысы жүргізілуде.  Алдағы уақытта Қарасаз ауылының  бір топ кәсіпкерлерінің  демеушілігімен  балабақша және «Тойхана» құрылыстары қолға алынбақшы.
«Туған жер» бағдарламасы аясында   атақты жерлестерінің  өнегелі өмірін  жастарға үлгі ретінде насихаттау жұмысы өз жалғасын тапқан. Мысалы, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы, Мемлекттік сыйлықтың лауреаты , ақын Нұрлан Оразалиннің, қоғам қайраткері  Сағат Әшімбаев және тағы басқаларының мерейтойлары аталып өткен.  
Мектеп оқушыларына демеушілік көрсетуде игілікті іс-шаралардың   бір бастауы болып отыр. Осы барыста  кәсіпкер Айдос Суанбеков аудандағы жағдайы төмен , жетім және жартылай жетім 28 балаға демеушілік көрсетіп, Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне  жіберген.  Ал, «Казмясо» ЖШС-гінің директоры Төлеген Бозжанов   сауықтыру лагеріне 2 оқушының баруына 70 мың теңге қаржылай көмек,  №2088 әскери бөлімінің қысметкері Ұлан Әбу  2 оқушыға 70 мың теңге көлемінде  қаржылай көмек көрсетіп, сауықтыру лагеріне жіберген.
Нарынқол ауылындағы  Т.Жанұзақов  атындағы орта мектебінің түлегі  жеке кәсіпкер Оразай Ертөре  мектеп жанындағы шағын орталыққа құны 1 млн. теңге тұратын  жабдықтарды сыйға тартса,  кәсіпкерлер Айтақын Дәурен, Айдар Дәутәлиев құны 700 мың теңге тұратын Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік «Рәміздер кешенін» жасатып, мектепке сыйға тартқан.
Қазіргі уақытта Тұйық, Тасашы, Тоғызбұлақ, Тұзкөл ауылдарында мешіт құрылыстары демеушілердің көмегімен жүргізілуде екен.  Бұл әрине  туған ауылдарда  жүргізіліп жатқан, үлкен игілікті істердің  бастамасы ғана  Әлі де «Туған жерге  Туын тіккісі» келетін Райымбек ауданының азаматтарының қатары көбеетініне сеніміміз мол.
Қорытынды сөз; Қазақстан -2050. «Ауыл-рухани  жаңғырудың  қайнар бұлағы» атты  іссапармен біздің экспедиция мүшелері  облыстың шалғайда жатқан  жоғарыдағы  аудандарының  елді мекендерін аралап,  жұртшылықпен кездесіп, жүздесіп қайтты.   Қазіргі  уақытта  ауыл тұрғындары  Елбасының ; «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» атты бағдарламасында көтерілген  бағыттар бойынша   игілікті  іс-шараларды жүзеге асыруға өз үлестерін қосуға дайын.  Біраз қалталы азаматтар   қажетті  шаруаларды бастап кеткен.  Әсіресе  ауыл тұрғындары рухани жаңғыруды   әр адам өзінен бастауы керек деген  пікірді кеңінен қолдап отыр. Қазақ  тілі әліпбиін кириллицадан   латын графикасына көшуі  төңірегіндегі   ой-пікірлері  жақсы.  Осындай елімізде басталған рухани жаңғырудың  ауыл  қайнар бұлағы болатынына сеніміміз мол.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2019. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.