Модернизация сознания

ЭКОНОМИКАСЫ ӨРКЕНДЕГЕН ӨҢІР

Категория: Модернизация сознания
Дата: 12.11.2017
Просмотры: 375 Печать страницы

Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталовпен баспасөз мәслихаты өтті. Жиында өңір басшысы биылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы туралы баяндады. Өңір басшысы өз баяндамасында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және «ЭКСПО –2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің қорытындысында қолға алынған жобалар туралы кеңінен әңгімеледі. Брифинг барысында журналистер жалпы саны 20-ға жуық сауал қойды. Сұрақтар негізінен туризмді, оның ішінде Алакөл жағалауын дамыту, ет экспортын арттыру, қант пен көкөніс бағасын тұрақтандыру шаралары, газдандыру барысында әлеуметтік әлжуаз топтарға жеңілдіктер қарастыру,  балабақша құрылысы, үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу және тағы басқа да мәселелер туралы болды. Сұрақтардың барлығына толыққанды жауап берілді. 

ЖЕТІСУЛЫҚТАР ӘР САЛА ДА АЛДА КЕЛЕДІ

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында жүктелген және аймақ тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытындағы тапсырмаларды орындай отырып, қарқынды ілгерілеуге қол жеткіздік. Оң динамика барлық секторларда байқалатынын баса айтқым келеді», – деган облыс басшысы бүгінде облыстағы адам саны қазіргі таңда 2 миллионнан асқан. Тоғыз айдың ішінде экономиканың барлық салаларында көңілге қонымды шаруалар атқарылған. Айталық, өнеркәсіптің өсімі 4,3 пайызды құраса, биылғы қаражат көлемі 700 млрд теңгеден асады. Өңірде 1800 кәсіпорын жұмыс істесе, оның 20-сы Трансұлттық компаниялардың, әлемдік брендтерді жасаушылардың қатысуымен жұмыс жасайды. Барлық өнеркәсіп өнімдерінің үштен бірін осылар өндіріп отыр.Олардың қатарында «Кока-Кола», «Данон», «РДжи Брэндс», «Филип Моррис», «Кнауф», «Тикурилла» сияқты танымал іргелі компаниялар бар.Жалпы бүгінгі күні өңдеу секторының үлесі 85% жетіп, еліміз бойынша жоғары көрсеткішке ие болып отыр.  

Өнеркәсіптік аймақтарда барлығы 17 кәсіпорын жұмыс істейді. Алдағы уақытта 400-ге жуық өндіріс орны ашылмақ.

 –  Серіктес қала GateCity аумағында «Берек» жаңа индустриалдық аймағы құрылып, онда ірі компаниялардың қатысуымен жалпы сомасы 90 млрд теңгелік, 2 мың жұмыс орны құрылатын 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырыла бастады. Олардың қатарында ет полуфабрикатын шығаратын «Бауманн» (Германия), картоп өңдейтін «Фармфритс» (Голландия), жылыжай шаруашылығы бойынша «Экокультур»  (Ресей) компаниялары бар, –  деді Амандық Баталов.

Өңір басшысы инвестиция тарту мақсатында жыл басынан бері 9 бизнес-кездесу өткенін, 7 елдің өңірлерімен, компанияларымен меморандумдар мен келісімдер жасалғанын айтты. Инвесторлар, әсіресе «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына  айтарлықтай қызығушылық танытқан. Нәтижесінде, жалпы құны 644 млрд теңге болатын 24 жоба жоспарланған екен. Жалғасып келе жатқан жұмыстардың қорытындысынан инвестициялардың өсуін аңғару қиын емес. Мәселен, биылдың өзінде тартылған инвестиция көлемі 500 миллиард теңгеден асып жығылған.

 Облыс ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі бойынша бірінші орында.  Мәселен, облыста еліміздегі сояның 97%, жүгері мен қант қызылшасының  64%, жеміс-жидектің 37%, көкөністің 25% өсіріледі. Оған қоса аймақ еттің 20% , сүттің 13%, жұмыртқаның 23 процентін өндіріп отыр. Облыс әкімінің айтуынша, биылғы жылы аграрлық-өнеркәсіптік кешенге (АӨК) 36 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың алғашқы үш тоқсанымен салыстырғанда 31 пайыз  артық.

 – Мемлекет басшысы атап өткендей, аграрлық сектор экономикалық өсімнің қозғаушы күші болуы керек. Бұл саладағы жалпы өнім көрсеткіштері облысымыздың республика бойынша бірінші орында тұрғанын айғақтайды. Яғни  17 пайызды құрайды. Сөзімді нақты деректермен шегелей түссем, бүкіл Қазақстандағы сояның 97 пайызы Алматы облысында өсіріледі. Жүгері мен қант қызылшасының 64 пайызы, жеміс-жидектің 37 пайызы, көкөністің 25 пайызы,  ет өнімдерінің 20 пайызы, сүт өнімдерінің 13 пайызы және жұмыртқаның 23 пайызы Жетісу жеріне тиесілі. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы дақылдарының алаңын  948 мың гектарға жеткіздік. Мемлекет басшысының аграрлық салаға жаңа технологияларды енгізу туралы тапсырмаларын орындау бағытында   облыста жердің 17% озық технологияны қолдану негізінде өңделеді. Соның арқасында дақылдардың өнімділігі 34 % артты – деді әкім.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі 948 мың гектарды құраса, оның ішінде 17 пайыздан астамы озық технологияларды пайдалана отырып өңделеді екен. Аймақ басшысының сөзіне қарағанда, облыс бүгінде еліміздің қызылша өсіру аймағына айналған. Биыл егістік ауданы 9 мың гектарға жетіп үлгерген. «Көксу» қант зауыты үшініші жыл өз жұмысын сәтті аяқтап, толықтай жаңартылды. Жылына 300 мың тонна өнім өңдей алатын «Ақсу» қант зауыты да осы қатарда.

Атап өтсек, Көксу қант зауыты үш жыл қатарынан жаңғыртудан өтті, 10 жыл тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты биылғы жылы қалпына келтіріліп, 40 мың тонна қант қызылшасын қабылдады. «Жетісу» ӘӘК-ні тарта отырып, 18 сервистік дайындау орталықтары құрылды. Осының барлығы қант өндірісіне оң ықпал ететін болады. Заманауи ауыл шаруашылығы техникалары мен элиталық тұқым пайдаланудың нәтижесінде жекелеген шаруа қожалықтарында өнім әр гектарынан 500-700 центнерге дейін жетуде. Сөйтіп, биылғы жылдың өнімі 350 мың тоннаны құрайды деп болжанып отыр.

– Биыл 35 мың тонна қант алып, өңірдің сұранысын толығымен жабамыз. Біздің мақсатымыз – бүкіл еліміздің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қант өндірісін одан әрі арттыру, – деді баяндамасында Амандық Баталов.

 Суармалы жерлердің көлемін ұлғайту үшін ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруге республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып, Ислам даму банкінен займ тартылып жатыр. Биылғы жылы 4 ауданда 18 млрд теңгенің қанатқақты жобалары жүзеге асырыла бастады. 7 мың гектар жерді суландыратын Қызылағаш су қоймасын қалпына келтіру мәселесі де шешімін тапты. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2020 жылға қарай 126 мың гектар суармалы жер қосымша айналымға енгізіліп, бұл өз кезегінде өнім көлемін 80 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.  

 Алматы облысында биылғы жылы қант қызылшасының алқабы 9 мың гектарға жетті. Одан 350 мың тонна, яғни рекордтық өнім алынады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде айтты.  

– 35 мың тонна қант алсақ, өңірдің қантқа деген сұранысын толық жаба аламыз. Біздің мақсатымыз – облыстың ғана емес, еліміздің қантқа деген қажеттілігін толық қамтамасыз ету, – деді А.Баталов.

Алматы облысында ауыл шаруашылығындағы басым дақылдардың бірі, «Дала аруы» атанған жүгері алқабы 79 мың гектарға жеткізілді

Облыс басшысының айтуынша, Жаркент крахмал-сірне зауытында Индустрияландыру картасы шеңберінде жүргізілген жаңғырту жұмыстарынан кейін қалдықсыз өңдеу циклі құрылған. Соның нәтижесінде өңдеу қуаттылығы 20 мыңнан 90 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Қазір өнімнің 27 түрі шығарылады. Алматы облысында биылғы жылы тұңғыш рет 1280 гектарға жаңғақ ағашы отырғызылды. Облыс басшысының айтуынша, интенсивті бақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Алқаптан сөреге дейінгі кластерлік негізде жұмыс істейтін компаниялар қазірдің өзінде бар. Мысалы, «Амал БИО» компаниясы өсірген өнімдерін өзі сақтап, өзі өңдейді. Өнімдері Қытай, Пәкістан, Иран секілді шет елдерде айтарлықтай сұранысқа ие.   Жалпы, өңірдегі бақтардың көлемі 22,4 мың гектарға жетсе, соның 2,1 мың гектары – апорт алмасы.

 Қазір облыста 31,4 мың басқа арналған 60 мал бордақылау алаңы және 11,8 мың басқа лайықталған 55 сүт-тауарлы фермасы жұмыс істейді. Облыс басшысының айтуынша, Олардың ішінде 400 басқа арналған 1 СТФ «Жетісу» ӘКК-нің қатысуымен мемлекеттік-жекеменшік механизмі арқылы жүзеге асырылды.

– Соңғы екі жыл ішінде 13 мың жеке қосалқы шаруашылықтарды тарта отырып 239 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Соның арқасында өткен 9 айда ет өндіру 6,2 %, сүт – 3,2 % артып, оларды өңдеу үлесі орта есеппен 32,5 % құрап отыр, – деді Амандық Баталов.

Сонымен қатар,  өңірде жыл басынан бері «Сыбаға», «Алтын Асық» және «Құлан» бағдарламалары бойынша 15 мыңнан астам мал сатып алынған. Соның нәтижесінде асыл тұқымды мал басы 16-дан 23 %-ке өскен.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы бері ШОБ субъектілеріне 26,3 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Несиелік портфель көлемі бойынша Алматы облысы Алматы және Астана қалаларынан кейінгі үшінші орында тұр.

 Облыс басшысы А.Баталов хабарлағандай, «Даму» қоры, жергілікті бюджет және Кәсіпкерлер Ұлттық палатасы есебінен 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген, соның ішінде 1,9 млрд теңгесі – жергілікті бюджеттен.

– Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде шағын неисеге 5,3 млрд теңге қарастырылды. Соның нәтижесінде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны үш жылда 23 %, жұмысшылар саны – 16 %, шығарылған өнім көлемі – 29 % өсті, – деді А. Баталов. 

Көпішілігімізге мәлім, соңғы жылдары облыста ауыз су мәселесі де жиі көтерілуде. Аталған бағытта қолға алынған шаралар аз емес. Биылдың өзінде жалпы сомасы 9,9 млрд теңгеге 107 жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде 18 елді мекенге су барып, 80 ауылдың ауыз суының сапасы жақсартылған.

Астана қаласында өткен Халықаралық «ЭКСПО – 2017» мамандандырылған көрмесінен кейін Алматы облысында 10 заманауи жоба мен оны жүзеге асыру технологиялары таңдалып алынды. Мәселен, «Қалдықтарды басқарудың өңірлік жүйесі» қанатқақты жобасы іске қосылды. Бұл қайталама материал шығаруды 30 %-ке, қоқыс алаңдардарының санын 354-тен 16-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Облыс әкімі А. Баталовтың айтуынша, «Рецетиловс» компаниясының ағын суды тазарту кешенін, испаниялық «Молекул» компаниясының жоғары сапалы құбырларын пайдалану, жаңартылған энергия көздері бойынша  Швейцария мен Америка дайындаған «Альпі Үйін», ауаға шығарылатын қалдықтар көлемін шекті деңгейге дейін төмендету бойынша Чжэйзян энергия корпорациясының технологиясын, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу кезінде қолданылатын Хедвигагрупп технологиясын енгізу қарастырылуда.  

Оның айтуынша, «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі облыс аумағына инновацияларды енгізуге мүмкіндік берді. Маңызды шарада ұсынылған 10 жоба мен технология жетістіктері таңдап алынған. Осылайша, «Recetilovs» компаниясымен ағынды суларды тазарту кешендерін және «Молекулалардың» испаниялық фирмасының күшті құбырларын пайдалану қарастырылған.

– Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру – басты басымдықтардың бірі. Басқосуда белгілі болғандай, қараша айында еліміздің басқа аймақтарында және облыста «Менің Жетісуым» атты жерлес-инвесторлар форумы өтеді екен.  «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» сынды бағдарламалар аясында да көптеген жұмыстар атқарылуда. Әкімнің айтуынша, өңір тұрғындары Президенттің латын әліпбиіне ауысу туралы саясатын қолдайды. Осыған байланысты көптеген дөңгелек үстел отырыстары мен кездесулер ұйымдастырылған. Оларда қазіргі заманғы жетістіктерге қолжетімділік пен жаһандық ағылшын тіліне кірігудегі жаңа алфавиттердің рөлі кеңінен талқыланған.

  Баспасөз мәслихаты соңында Амандық Ғаббасұлы тілшілер тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жан-жақты жауап берді. Айталық, «Облыста ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған болса, экспорт мәселесі неге қолға алынбайды?» деген сауалға әкім былай жауап берді:

– Бұл бағыттағы шаралар назардан тыс қалмайды. Біз әлі жоспарлы көрсеткіштерге жете қойған жоқпыз. Десе де, алдымызда Қытай мен Иран нарығы ашық тұр, келесі жылы ет өнімдерін осы елдерге тасымалдау жұмыстарын бастайтын боламыз деп ойлаймын».

  Ашылуға дайын тұрған ғимараттың бірі – Көрме кешені.  Жақын арада қолданысқа беріледі деген нысанның ішкі безендірілуі  облыс әкімінің көңілінен шықпады. Амандық Баталов ішкі әрлеу жұмыстарындағы ішінара кемшіліктерді қысқа уақыт ішінде түзетуді міндеттеді. Сонымен қатар, нысан ауласында жаяу жүргіншілерге арналған жолдың қарастырылмауы да өңір басшысының назарына ілікті. Мұндағы баспалдақтың сапасы сын көтермейтінін айтты.

 – Ұсақ кемшіліктің өзі әдемі ғимараттың көркін кетіреді. Кешеннің қолданысқа берілуіне аз-ақ күн қалды. Сол себепті, бәрін тыңғылықты дайындап, кеткен кемшілікті тез арада ретке келтіріңдер. Ең бастысы, сапасына көңіл бөліңдер. Халық игілігі үшін жасалған соң сапалы дүние тапсыруға тырысыңдар, – деді ол.

  Бұдан соң облыс әкімі «Жастар» саябағында орналасқан «Рухани жаңғыру» орталығын аралап көрді.

– Дизайнерлерді, әрлеуші суретшілерді шақырып, әрбір іске шығармашылық тұрғыдан қарау керек. Кірген адамға алғашқы әсер беретін холдың жарықтандырылуы әлі де жеткіліксіз. Холл жарық та әсерлі, тартымды болуы керек. Витраж жасау керек пе, әлде қабырғаға сурет салу керек пе, оны арнайы мамандармен ақылдасу қажет. Ғимараттың сыртқы келбеті толық дайын, десе де ішкі көркемдеу жұмысары да мазмұнына сай болуы керек, – дей келе А. Баталов өзінің орынбасарларына тапсырмалар берді.

Сонымен қатар өңір басшысы ғимарат ішіндегі көрме залының ұсынылған дизайнын қайта жасауды тапсырды.

   Жастар саябағында салынып жатқан этноауылдың атауы  "Рухани жаңғыру" мекемесі болып өзгертілмек. Мұнда мемлекеттік жобаны іске асыратын  қызметкерлер, жұмыс істейтін болады. Олар үшін конференция  мен көрме залы да  қарастырылған. Облыс әкімі Амандық Баталов көрме ұйымдастыруға арналған сөрелердің ескі стильде жасалғанына  қатысты сын айтты. Бұдан бөлек, ғимаратты безендіру жұмысының әлі де болса қарабайыр нұсқада қалып отырғанын айта келіп, бұл нысанның ішкі безендірілу жұмыстарының көз сүйсінерліктей деңгейде болу керектігін, бір ауыз сөзбен айтқанда, мекеменің «Рухани жаңғыру» деген атына заты сай болуы керектігін  ескертті.

  Жалпы «Рухани жаңғыру» орталығы қараша айының аяғында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

ИНВЕСТИЦИЯ

Алматы облысында инвестиция көлемі 530,9 млрд теңге болатын 63 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олар толық қуатына енгенде  12 мыңға жуық жұмыс орны ашылады.

   Сонымен алдағы уақытта жетісулықтар сербтер өндірген құрылыс заттарын тұтынып, қытайлар бордақылаған ірі қара мен ұсақ малдың етінен бесбармақ дайындап, қалған қалдықты щвейцариялықтардың тәжірибесіне негізделіп қайталай керекке жаратпақ.

 Сондықтан жетісулықтармен бірлесіп жұмыс істеуге ынта танытатын шетелдік инвесторлардың қатары артуда.

Айталық, былтырғы «Жетісу Инвеси – 2016» форумында өлкемізге инвестиция құюға ынта танытқандар көп болса да, нақты келісімге қол қойғандар болмаған еді. Ал «Талдықорған Инвест – 2017» форумында құны 10 млрд. доллардың инвестициялық жобасына келісім жасалды.

Тіпті, Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия жəне Ресейден 70-ке жуық компания өкілдері бас қосқан «Талдықорған инвест – 2017» халықаралық инвестициялық форумында Қытайдың «Лунь Юань ЖЕТЫСУ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Янь Гуан Хуан Жетісу жерінде 2,600 млн. доллар қаражатқа мал бордақылау алаңын салуды бастап кеткенін жеткізді. Ол келешекте өндіріс алаңында 5000 – 10000 қой бордақылайтын арнайы алаң болмақ. Жоба сәтті жұмыс істеген жағдайда Қытай инвесторы ары қарай тағы бірнеше зауыт салуды ойластырып қойыпты.

 Осындан кейін Сербияның «Интерьер Янкович» компаниясының өкілдері өңірге келіп, интерьерлерді, сол сияқты инновациялық құрылыс технологиясын – құрылыстың модульді жүйесін жеке дайындау мен құру саласындағы жетістіктерін таныстырды.

ТҮЙІН

 Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте облыс әкімі Амандық Баталовтың  журналистермен жүздесуі өте сәтті өтті деуге болады. Өйткені, осы күні брифингке жиналған теле, радио, баспасөз саласының өкілдері мен өңір басшысы емен-жарқын пікір ауысты. Алдымен облыстың даму қарқыны жайлы ақпаратпен қаныққан тілшілер соған сай өздерін толшғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алуға ықылас танытты. Ал өңір басшысы да олардың сұрағына орай бар жан-тәнімен түсіндіріп беруге ұмтылды. Осыған екі жақты жақсы қарам-қатынас маңызды басқосудың нәтижелі қорытындылауына негіз болды.

Халқымызда: «Көз жетпеген жерге сөз жетеді» деген бар. Біз де өз басылымыз арқылы жұрттың ықыласына бөленген кездесуді жалпақ елге жария етуді мақсат еттік. 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2019. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.